
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров өткен жазда Францияда ұсталғаннан кейін Telegram Еуропалық Одақ заңдарына бағына бастады деген мәлімдемені жоққа шығаратынын Telegram-арнаға жазды.
Өзінің Telegram-арнасында жариялаған хабарламасында Дуров француз газетінің бұл мәлімдемесін «жалған» деп атады.
«Кеше бір француз газеті менің былтыр жазда Францияда ұсталғаным Telegram-ды ақыры Еуропа ережелерін сақтауға мәжбүр етті деп жазды. Бұл – жалған. Себебі Telegram әрдайым Еуроодақ заңдарын сақтап келеді, Telegram-ның Еуропа заңдарын бұзды деу – әділетсіздік, – деп жазды ол.
Павел Дуровтың айтуынша, ол ұсталмай тұрып-ақ қосымша мен ресми сайтта не болмаса жай ғана Google іздеу жүйесінде «telegram EU police» деп терсе шығатын болған.
«Франция соттары мен полициясы ЕО заңдарында нақты көрсетілген осы ресми механизмді неге елемегені бізге түсініксіз. Бірақ Telegram-ның Еуропа заңдарын бұзды деу – әділетсіз. Қызығы, сол заңдарды елемеген – француз құқық қорғау органдарының өзі», – деді Дуров.
Сондай-ақ ол жалған ақпараттың таралуына қарсы екенін айтты:
«Мен Францияны жақсы көремін, оның полициясын құрметтеймін, сондықтан бұл туралы айтып, ешкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырғым келмеді. Бірақ Telegram жайлы мұндай ашық жалған сөздерді де елемей қала алмаймын», – деді ол.
Дуровтың айтуынша, компания заң талаптарын орындауға тұрақты түрде инвестиция салып келеді:
«Әсіресе ЕО-да біз заңдар күшіне енерден бірнеше жыл бұрын олардың орындалуына дайындала бастаймыз», – делінген жазбада.
Еске салайық, 2024 жылғы тамызда Павел Дуров Парижде ұсталып, төрт күн қамауда болып, сот алдында жауап берді. Француз билігі Telegram-ды 12 түрлі құқықбұзушылыққа барды деген күдікпен тергеді.
Ұсталғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде Дуров Telegram-ның БАҚ-тағы бейнесі «шынайылыққа мүлде сәйкес келмейді» деп айтқан болатын.